Қыз-келіншектерге ас үйге байланысты кеңестер
Әйел – шаңырақтың ұйытқысы, берекесі, отбасының жылуы. Әйел – жарының көмекшісі, қолдаушысы, киімі, иманының жартысы. Әйел – балаларының қамқоршысы, тәрбиешісі, үлгілі тұлға. Оның жарының разылығы үшін жасаған әрбір амалы – құлшылық. Ал ерлер қауымының тазалықты, тиянақтылықты, сұлулықты, жинақылықты ұнататындығы жасырын емес. Тіпті, үйге қонақ келгенде әйел ең алдымен қазан мен шәйнек арқылы танылмай ма? Сол себепті, бүгінгі жазбамызды отбасы мүшелерінің «асқазан күзетшісі» болған қыз-келіншектерге, әпке-жеңгелерге арнағымыз келіп отыр. Төмендегі үй шаруасына байланысты ұсынылатын кеңестерді ниетіңізді түзеу арқылы амалға асыратын болсаңыз – Алла разылығына жетуге болатын құлшылыққа айналмақ. Іске сәт!
Асхана дегенде ең алдымен «халал» және «харам» деген ұғымдар еске түседі емес пе? Алла Тағала «Мәида» сүресінің 88-аятында: «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер» дейді. Сол себепті, отбасыңызға ұсынатын тағамдарыңыздың халал болуын барынша қадағалаңыз. Себебі, құлшылықтың қабыл болуы үшін жейтін ризығымыздың адал болуы талап етіледі. Халал ас – тек қана Алланың атымен сойылған малдың еті ғана емес, ол адал еңбекпен табылуы қажет. Дәрет алынып, «Бисмилләһ»-пен бастап және жасалу барысында өсек-аяннан алыс болу сүннетке сай екендігін ескерейік. «Біз сендерге ризық етіп бергеннің жақсыларын жеңдер. Әрі онда шектен шықпаңдар. Әйтпесе, сендерге қаһарым түседі. Ал кімге Менің ашуым түссе, ол сөзсіз құрыды» («Та Һа» сүресі, 20-аят). Бұл да ас үйдегі әйелдің амал жасауы талап етілетін аят саналады.
«Жеңдер, ішіңдер әрі ысырап етпеңдер. Ақиқатында, Ол ысырап етушілерді жақсы көрмейді». («Аъраф» сүресі, 31-аят). Ысырапшылдар – шайтанның достары. Яғни, тағамды үнемді пайдалану да – сіздің міндетіңізге жүктеледі. Тіпті қонақ шақырғанның өзінде жарыңызбен ақылдасып, келетін қонақтардың санын алдын-ала анықтап болғаннан кейін ғана азық-түлік алған жөн. Ал күнделікті тағамға қажетті азық-түлікті үнемдеудің бір жолы – алдағы 10 күнде жасайтын тағамдарыңыздың кестесін құру.
Ас-үйде өздеріңізден артылатын жақсы тағамдар болса міскін адамдарды тамақтандыруды ұмытпаған да дұрыс. Бұл амал – шүкірлікті оятапы, ризық-несібенің артуына себеп болады.
Ас үйдегі немесе шәй ішетін бөлмеге тамақтанар алдындағы және кейінгі дұғаларды тиянақтылықпен жазып, көрінетін, ыңғайлы жерге жабыстырып қойыңыз. Балаларыңыз да, үйге келген қонақтар да дұғаны ұмытпай айтып жүретін болады. Отбасыңызға «Пайғамбардың (с.а.с) тамақтану әдебі» деген мақаламызда келтірілген амалдарды жиі ескертіп жүрсеңіз де артық емес.
Хадиске сай, кешке аузы ашық ыдыстарды жауып жүріңіз. Аузы жабылмайтын ыдысқа зат салсаңыз, үстіне қолыңызды қойып, «Бисмилләһ» деп айтыңыз.
Түрлі дәмді тағамдарды, жарыңыздың сүйікті асын жасауды үйреніңіз. Күн сайынғы асты оның қалауын сұрау арқылы жасауды әдетке айналдырған жөн. Оның уақытылы тамақтануын, уақытылы ұйықтауын қадағалаңыз.
Біз «Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сүйікті тағамдары» атты мақаламызда Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті тағамдарын және олардың пайдасы туралы ақпараттар беріп өттік. Сіз де бұл тағамдарды пайдаланатын болсаңыз, Алла қаласа, сауаптар жазылады.
«Тазалық – иманның жартысы». Және шайтанның лас жерлерде тұрақтайтыны да белгілі. Сондықтан, асхана тазалығын барынша күзетуге тырысып бағыңыз. Бұл – жұмыстан шаршап келген күйеуіңіздің көңіл-күйіне әсер етеді.
Қазір ғаламтор беттерінен түрлі тағамдардың дайындалу жолын үйренуге болады. Жарыңызды күн сайын таңғалдырудан жалықпаңыз. Және ол сүйсініп жеген тағамның мәзірін құпияда ұстаған жөн. Ол сонда тағамның жасалу жолын сіздің ғана білетіндігіңізге және сізден артық ешкімнің дайындай алмайтындығына сенетін болады.
Қызыңызды асханаға жақын ұстаңыз. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» демей ме? Оның жастайынан сіздің жаныңызда болып, ас үйдің қыр-сырын меңгергені – пайдалы болмаса, зиян емес.
Сүннет бойынша сынық ыдыспен ас ішілмейтіндіктен, зақымдалған ыдыстардан арылыңыз.